Бүгін еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтандағы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде» керемет бір шығармашылық кездесу кеші өтті. Қандай дейсіздер ғой? сондай бір тамаша, ән мен жырға, лирика мен махаббатқа толы сырлы әуенмен жүректі баурап алатын кездесу кеші.

Кештің қонағы опера өнерінің жарық жұлдызы, өнертану профессоры Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Тұрсынбекұлы Мыржықбай.

Алдағы келе жатқан қазан айының 15-ші жұлдызы еліміздің «Кітапхана» қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай бұл кездесу тамаша бір тарту болды. Еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен кітапхана қызметкерлерінің 30 жылдығы мерекесіне орай бұл рухани кездесуде еліміздің және шет елдердің ән раманстарынан көптеген репертуарларды шырқалды.

Классикалық әндерді орындауда өзіндік бір қолтаңбасы бар әнші репертуарының бай екені рас.

Профессор К.Т. Мыржықбай, Шәмші Қалдаяқов, Ахмет Жұбанов, Сыдық Мұхаметжанов және тағы басқалардың ән мұраларынан бірнеше шығармаларды орындады.
Соңғы жылдары Нұр-Сұлтан қаласының «Мәдениет» басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанның қолдауымен көптеген іс шаралар өткізіліп келеді. Ал бүгінгі кездесу аясы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің директоры Мадибаева Гүлбадан Сақтапқызы мен ұжымға үлкен бір рухани демеу болып, мереке қарсаңында кітапханашылардың мерейін көтеріп тастады.

Кітапханаға еңбегі сіңген ардагер кітапханашыларға жекелеп ән арналып, өлеңдер оқылды. Залда отырған көрермендер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тәтті әзілмен көмкерілген тартымды жауаптарын ести алды.

Кездесу соңында К.Т. Мыржықбай өзінің орындауында жазылған ән дискаларын кітапхана ұжымына тарту етті. Ал Гүлбадан Сақтапқызы өнер қайраткерлерінің шығармалары топтастырылған арнайы кітапты ұжым атынан ұсынды. Залда отырған оқырмандар мен кітапхана ұжымы естелік суреттерге түсіп тамаша әсер алғандарын бір-бірлерімен бөлісіп жатты.