Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» мекемесі мен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ақпан айының 22 күні қаламыздағы №5 балалар кітапханасында, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, алаш қозғалысының қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Алаштың жарық жұлдызы» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Кешке Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ақын Бақытжан Ошақбайұлы Тобаяқ, “Жаңару” сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық бірлестігінің аппарат басшысы
Әлиев Қабдулла Хамитұлы және кітапхана оқырмандары, ұстаздар қатысты.
Кітапхана оқырмандары қаламыздағы №40,52,64,78 мектеп оқушылары және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті студенттері ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сөз алған кеш қонағы ақын Бақытжан Ошақбайұлы, Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен өлеңі жарты ғасырдан артық уақыт бойы айтылмады, насихатталмады. Ақынның кітаптары тиым салу салдарынан сарғайып, тозып, жоғалып жатты. Ақты қара, қараны ақ деп түсіндірген зорлық-зомыбылық дәуірінің құрбаны болған ақын тағдыры аянышты, дей отырып көптеген естеліктерге тоқталып ақынға арнап жазған өлеңімен әңгімесін қорытындыласа, «Руханият» мекемесінің қызметкері, ақын Серік Рысбекұлы Молдабек ақын Мағжан Жұмабаевқа арнауын оқыды.
Кеш барысында «Мен жастарға сенемін» атты тақырыпта дайындалған бейнебаян көрсетіліп, кітап көрмесі таныстырылды.