Еске алу Аллеясы! «Есімдері жүректерде сақталған»

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Нұр-Сұлтан қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ұйымдастырып отырған «Бәрі менің жадымда!» бірегей жобасы Жеңіс күнін жақындатқан жүздеген адамдардың суретін бір жерге топтастырып, ерлігі мен қайталанбас тағдыры туралы баяндайды.

Сұрапыл соғыс пен қаһарлы күндердің батырлары туралы естелік бүгін «Еске алу аллеясында». 22 маусым 1941 жылы адамзат тарихында қанмен жазылған, әкелеріміз бен аталарымыз, аналарымыз бен әжелеріміз көзсіз ерлік көрсеткен сұрапыл соғыс — Ұлы Отан соғысы басталды.
Жолындағыны жаншып, таптап, ілгері басқан фашистерге тойтарыс бере отырып, етігімен су кешкен жауынгер ағаларымыз Отан үшін, елі үшін аянып қалмады.
Жау өтіндегі жауынгерлер оққа денесін төсеп, жанкешті ерлік көрсеткен кезде, тылдағы ел ортақ қайғыны қолтықтаса көтеріп, арыстанша атылып, “Бәрі майдан үшін!” ұранымен күнді түнге ұрды.
Майдан мен тыл бұрынғыдан бетер ұштаса сабақтасып, одақтасып кеткендей, арман-мүддесі бір еді.

Қатыгез күндерде қан кешкен ержүрек ағаларымыз бен әкелеріміздің, ұйқы-күлкісіз еңбек көрігін қыздырған аналарымыз бен әпкелеріміздің ерлігі ұмытылмастай болды.
Соғыс өрті әр шаңырақты шарпыды. Жау жағадан алғанда майданға аттанған көздерінен от, сөздерінен ерліктің екпіні ескен, тылда қалып, еңбектің ерен үлгісін көрсеткен батырларымыз Ұлы Жеңіске қол жеткізді.

Жеңіс туын желбіреткен теңдесі жоқ көзсіз ерлік пен ерен еңбек ешқашан ұмытылмақ емес!

Осы жобада біз ақ қар, көк мұз жастана шайқасып, еліне аман оралған, Жеңіс жолында құрбан болған, ұрыс даласынан қайтпай, ізсіз жоғалған ержүрек ағаларымыздың ерлігін жылдар бойы сақталып, сарғайған суреттер мен құжаттар арқылы еске алып, өскелең ұрпаққа жеткізгіміз келеді.

Көзіне оттай басылатын жақындары туралы мәліметтерді оқып отырған әрбір жанның кеудесін ұлттық мақтаныш сезімі керсе дейміз.

Жеңісті жақындатып, бейбіт өмір сыйлаған батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ете отырып, ерлік істерімен мақтанатынымызды айтқымыз келеді.
Соғыс ардагерлерінің ерлігі ұрпақтар жадында! Ешкім де, ешқашан ұмытылмайды!