Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен «Жетісу» саябағында елордада Балалар жылы аясында 1963 жылы «Менің атым Қожа» шығармасы желісімен «Қазақфильм» студиясы түсірген балалар фильміндегі Қожа кейіпкеріне орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ескерткіштің жалпы биіктігі 183 см, қола, гранит материалдарынан жасалған. Идеяның авторы Қожамқұлов Мұрат Әкімханұлы, мүсінші Талапхан Азамат.
«Менің атым Қожа» – 1957 жылы жазылған, қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірі саналатын повесть. Авторы – балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев. Ол орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылған. 1963 жылы “Қазақфильм” студиясының осы шығармасы бойынша жазылған киносценарий экранға шықты.
Салтанатты шараның ашылуына “Хабар” агенттігі” АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, Нұр-Сұлтан қаласының әкімінің орынбасары Берік Оралұлы Жәкенов, Қожа рөлін сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжарұлы Санжар және басқа да қоғам өкілдері қатысты.