2023 жылдың 5 қазанында Қаламгерлер аллеясында Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, қайсар ақын Мұхтар Шахановпен «Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген…» атты кездесу кеші өтті.

Кешті Қазақстан Жазушылар Одағының Астана қаласы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы ашып, қазақ поэзиясында өз болмысымен, өз үнімен жарқ етіп танылған, бүгінде әр қазақтың мақтанышына айналған ақын Мұхтар Шаханов туралы жылы лебізін білдірді.

Алаш десе, рухы сілкініп, ұлттық «менің» оянып, мақтаныш сезім билейді, дей отырып Алашым деп деп өткен бабалар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Бұдан кейінгі кезек ақын өлеңдеріне берілді. № 16 Төлеген Айбергенов атындағы мектептің оқушылары мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Сөз кезегін алған ақын Мұхтар Шаханов жас оқырмандарға білімді, рухани бай болуды үндеп, өз өлеңдерінен үзінділер оқып, батасын берді.

«Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді,Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді,Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді», дегендей аллеяда Шаханов ағашы отырғызылды.