Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ №5 балалар кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл, 2021 жыл Балалар мен жасөспірімдер жылы аясында ақын, драматург, жазушы, жыршы-жырау, манасшы, кинорежиссер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Баянғали Әлімжановпен кездесу өтті.

Кездесу жоспарланған емес, жазушының өз қалауымен қала кітапханаларының тыныс-тіршілігімен, кітапханашылармен бетпе-бет жүздесу еді.

Кеш рухани бай болғыңыз келсе, қазағымның тарихын, Алаш арыстарын білгіңіз келсе кітапханаға келіңіз, кітап оқыңыз деген сөздермен ашылды.
Кездесу өте жылы атмосферада өтті.

Баянғали аға шығармашылығының сан-салалы жанрды қамтитынын сөзге тиек етті. Өзіміздің ұрпағымыз үшін деп жазған іші қызыққа толы кітабы көп мазмұнды болғандықтан, әр жинаққа бөлек түс арнаған кітаппен таныстырылым өтті. Әр томы әртүрлі түспен безендірілген.

«Балғындарға арнап өлеңдер жаздым. Оның өз себебі бар. Балабақшаға барып жүрген немерелерімнің үйге жаттауға берген өлеңдерін өзім түсінбейтін болдым. Ойы да, ұйқасы да, көркемдігі де келісіп тұрған жоқ. Сосын балаларға арнап шағын дүниелер жазуды қолға алдым. Аяғында үлкен бір кітап болды. Оған қатты қуандым»,- деп жазушы естеліктерімен бөлісті.

Кеш қонағы мәдениет басқармасының өкілі Дәурен Берікұлы жылы лебізін білдіріп, шығармашылығына табыс тіледі.

Кітапхана басшысы Гүлбадан Сақтапқызы әркез тығыз шығармашылық байланыста жұмыс жасап, кітапхана сөрелеріндегі кітаптарыңызды оқырмандар үлкен сұраныспен оқысын деген тілегін айтты.

Кеш соңы «Менің қолтаңбам» жобасына қонағымыз қолтаңбасын қалдырды.